Форма поиска

Мемлекеттік қызмет зор жауапкершілік жүктейді


Мемлекеттік қызмет зор жауапкершілік жүктейді


Бекзат Ермекбаева

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы


Отбасы туралы


Мен көп балалы отбасында дүниеге келдім. Тоғыз баланың жетіншісімін. Өмірде ештеме кездейсоқ болмайды, сондықтан да мен жеті санының киелі қасиетіне жоғары мән беріп, өте қадір тұтамын. Әкем Сәдуақасов Құрман маңғаз, сырбаз, тектіге тән бекзаттығымен халқының алғысына бөленген жан. Кеңес үкіметі жылдары еңбек жолын жүргізуші мамандығынан бастап, жұмысшылар кәсіподағы комитетінің төрағасы лауазымына дейін көтеріліп, 30 жылдай еңбек жолын осы салаға арнаған. Анам бала тәрбиесімен қатар, зейнеткерлікке  дейін ауылдық мәдениет үйінде қызмет істеді. Көркем өнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Әнді ерекше орындайтын жан. Менің ата-анам нені ойлауды емес, қалай ойлауды үйреткен жандар. Бүгінгі жетістіктерім мен жеңістерім – ол менің ата –анамның берген тағылымды тәрбиесінің арқасы  дер едім.

Отбасым жайлы айтар болсам, екі қыз тәрбиелеп,  оқытып құтты орындарына қондырдым. Қазір 4 немерем бар. Ұлым  Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқиды. 

 


Туған жерім түгін тартса майы шығатын киелі жер


Туып өскен жерім Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылы. Бұл ауылдық мекен Кеңес Одағы тұсында дүрілдеп аты шыққан миллионер шаруашылық «Жеңіс»  совхозы болған. Ауылымыздан екі Социалистік Еңбек Ері шыққан. Абыройы асқақтаған ауыл 1971 жылы экономикалық қаржы шаруашылығын өркендетіп, толағай жетістіктерге жеткені үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Туған жерім түгін тартса майы шығатын киелі жер. Өскен  жер - әр адам үшін ыстық. Осы жер сені еліңмен, өткеніңмен, болашағыңмен байланыстырады. Туған жерім кішкентай болса да ол мен үшін өте қымбат. Ол менің көңілді, бақытты, уайымсыз балалық шағымның куәгері. Сол жерде тудым, білім алдым, есейдім, үлкен өмір жолына қадам бастым.

 


Мемлекеттік қызметке келу туралы


Мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, артынан заңгер мамандығын алдым. Еңбек жолымды Қарағанды мемлекеттік медицина академиясынан бастадым. 1993 жыл нағыз қазақ тілін дамытуды қолға алған кезең болатын. Барлық мемелекеттік органдарға, жоғары оқу орындарына қазақ тілі мамандары қажет болды. Аталған мекемеде тәжірибе жинақтап, ана тілімді  дамытуға үлес қосуды мақсат етіп бірнеше жерде қазақ тілін үйрету курстарында сабақ бердім. Таңдаған мамандығымның қиындығын еңсере жүріп,  өз кәсібімді аштым. Әрине, ол тілге байланысты болатын. Абай оқулары, М.Мақатаев кеші, үздік прозаиктер, жас ақындар конкурстарын ұйымдастырдым.

 

Ана тілім маған бұрын қол жетпейтіндей болып көрінетін қамалдарың есігін айқара ашып, өмірлік жолдама берді.

«Шабытыңды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал жерлерден жол ашады»,- деп ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, ана тілімді дәріптей, үйрете жүріп, шыңдалдым. Ана тілім маған бұрын қол жетпейтіндей болып көрінетін қамалдарың есігін айқара ашып, өмірлік жолдама берді.

Мемлекеттік қызметке 2012 жылдың күзінде келдім. Мемлекеттік қызметке келемін деген тіптен ойым болған жоқ. Қарағандыда өз тірлігіммен мамыражай жұмыс істеп жүргенде Астана қаласына жұмысқа шақырды. Көп ойландым. Шешім қабылдау оңай болмады. Өйткені, мемлекеттік қызмет зор жауапкершілік жүктейді. Астанада еңбек жолымды бастаған киелі жер Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық әдістемелік орталығы.  Онда ғылыми-әдістелік бөлімнің басшысы болдым. Осында 2-3 ай жұмыс істегеннен кейін ҚР Бас прокуратурасының Мемлекетік тілді дамыту басқармасына қызметке шақырды. Иә, осы кезден бастап мемлекеттік қызметтегі жұмысым басталды. Ол жерде 4 жыл қызмет істеп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасына келдім.

 


Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолдану деңгейі туралы


Қазіргі уақытта қазақ тілі аяғынан тік тұрды деп айта аламын. Қолданыс аясы да кеңейді. Барлық мемлекеттік іс-шаралар қазақ тілінде өтеді. Мемлекеттік тілдің дамуы жаңа бір кезеңге аяқ басты деп ойлаймын. Қазақ тілін үйренемін, жазамын, сөйлеймін дегендерге барлық мүмкіндік жасалған.

Ендігі алда тұрған міндет- тіл, дін, діл тұтастығы.

Ата заңымызда мемлекеттік тіл - қазақ тіл деп бекітілген. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп атап өткен болатын. Ендігі алда тұрған міндет- тіл, дін, діл тұтастығы.

Алаш көсемі Алихан Бөкейхан бабамыз айтқандай «Қазақ тілі ғұмыр жүзінде өз бәйгесін алады». Мен оған сенімдімін. Кеше ғана Димаш Құдайберген  әлемдік сахнада ана тілінде ғана сөйлеп, әлемді дүр сілкіндірді. Енді жанкүйерлері қазақ тілін, қазақтың домбырасын үйреніп,  «Абай жолын» қытай тіліне аударып оқуда. Міне, біздің тіліміздің жаһандық бәйгедегі бәсекеге қабілеттілігін, тектілігін осыдан көруге болады. Тек өзіміздің ұлтымыз үшін, тіліміз үшін ұялмауымыз керек.

 


Қазақ тілінің дәрежесін көтеретін 3 қағида


1. Елбасымыз атап өткендей «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек».

2. Жүсіпбек Аймауытовтың сөзімен айтар болсам «... қазақты тура жолға бастайтын, халық үшін туып, халық алдындағы зор борышын өтеуге тиіс оқығандар»,  зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, билік басындағылар қазақ тілінің мәртебесін арттыруға белсене кірісіп, сөзден іске көшулері керек.

3. Абай атамыз айтқандай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», өзара жанашырлық, ұлтқа қызмет ету, тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтау, иманына берік болу, тәуелсіздікті қорғау. Ең басты капитал-  Ұлттық намыс.  Осы аталған рухани  үштағанды санамызда сақтап, соны орындауға талпынсақ, діттеген мақсатымызға жетеміз.

 


Тілдің тұғырын көтеретін білікті мамандар


Қазіргі таңда барлық мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу қазақ тілінде қалыптасуына үлкен мән берілуде. Қызметке қабылданған сәттен бастап ең бірінші кезекте тұрған мәселе – мемлекеттік тілде дайындалатын құжаттардың сапасы мен сауаттылығын қамтамасыз ету болды.  Соған байланысты Жауапты хатшының тапсырмасымен министрліктің барлық құрылымдық бөлімшелері мен комиттерінің мемлекеттік тілде дайындалатын құжаттары біздің басқарманың тексергендігі туралы қолы болмаса, басшылар қол қоймай кері қайтарылатын болды. Бұл  мемлекеттік тілде дайындалатын құжаттарды бірізділендіруге, сауатты жазуға көп септігін тигізуде.  

Адам өзінің істегенін айтып, мақтанбауы тиіс.

Қазіргі таңда министрлікте істейтін қызметкерлердің  99% қазақ ұлты. Салыстырмалы түрде айтар болсам, мамандарымыздың тілді білу деңгейі жақсы және білуге, үйренуге деген құштарлықтары басым. Біздің қоғамда мемлекеттік тілді қалыптастыратын аудармашылар, тілшілер деген  жағымсыз пікір қалыптасқан. Ал, шындығында тілімізді бір жүйеге түсіріп, біріздендіретін кез келген салада жұмыс істейтін мамандар. Кей жағдайда біздің де аударма барысында қиналатын сәттеріміз болады. Өйткені, біз заңгер не дәрігер, инженер, арнайы маман болмағандықтан, түсініксіздіктер туындаған жағдайда сол құжатты әзірлеген маманмен ақылдаса отырып жасаймыз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деп тегін айтылмаған. Қазіргі таңда қызметкерлермен бірлесе отырып өзіміздің сала тілін қалыптастыруды, бір жүйеге келтіруді қолға алып жатырмыз. Бұл жерде біз үшін әрбір маманның пікірі маңызды.

 


Жүзеге асқан ауқымды жобалар туралы


Данышпан Эпиктеттің «Туған жеріңнің ғимараттарын емес, азаматтарын биіктетсең, сол сенің ең үлкен жақсылығың. Биік үйлерде ойы аласа адамдар өмір сүргенше, аласа үйлерде адамгершілігі биік тұлғалардың өмір сүргені әлдеқайда артық» деген сөзі бар. Адам өзінің істегенін айтып, мақтанбауы тиіс. Дегенмен, сұрағыңызға жауап беріп көрейін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жас мекеме. Құрылғанына бір жылдай уақыт болғаны өздеріңізге белгілі. Осы аралықта мемлекеттік тілді дамытуда біраз шараларды атқардық. Барлық қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында  «ҚАЗТЕСТ», Қазақстан халқы тілдері күніне байланысты «Мемлекеттік қызметте-мемлекеттік тілмен» байқауын ұйымдастырдық.

Байқауда 1-ші орынды иеленген Дін істері комитетінің командасымен Тараз қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен Республикалық тілдер конкурсына қатысып, 2-ші орынды иелендік.

 


Бос уақыт - өзіңді рухани дамытуға арналуы тиіс


Бос уақыт - тұлғаның жеке физикалық рухани және әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған жұмыстан тыс уақыт бөлігі деп анықтама берілген екен. Яғни, бос уақыт - өзіңді рухани дамытып, сүйікті ісіңмен айналысып, одан ләззат алу. Сондықтан, қолым қалт еткенде тоқыма тоқығанды, бисермен жұмыс істегенді, киім тіккенді ұнатамын. Көп жағдайда оған уақыт жете бермейді. Өйткені бұл жұмыстар шығармашылықты талап етеді. Бұдан бөлек кітап оқу да әдетке айналған. Данышпан ойшылдардың, ақындардың даналық сөздерін, ой қалдырған пікірлерін жазып алып, қажет кезінде қолданғанды ұнатамын.

 


Атам алғашқы қазақ театрының ашылуына атсалысқан


Мен үшін үлгі тұтатын адам - ол менің атам, мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов. Ұлтының ұлы мұраттары жолында 1937 жылы халық жауы ретінде жазықсыз айыпталып, ату жазасына кесілген Алаштың біртуар азаматы. ХХ ғасыр басында Әділет Халық комиссары, Республика прокуроры, Қаржы халық комиссарының орынбасары, Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі сияқты мемлекеттік лауазымды қызметтер атқара жүріп, ұлт руханиятының шынайы жанашыры болды. Атап айтқанда, ол 1923 жылы Орынборда «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі орталық  комиссия» құрып, оның алғашқы төрағасы болды. Комиссияға төрағалық ету барысында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тану, мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу, заңнамалық актілерді қазақ тілінде шығару және мемлекеттік аппаратты қазақ мамандарымен жасақтауды жүзеге асырды. Сол кездегі орыстандыру саясатына қарамастан қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге барынша күш  салып, қазақ тілін басқару тіліне айналдыру үшін батыл қадамдар жасады. Мәдениет пен өнердің жанашыры болған атам елімізде кітапханалардың, мәдениет үйлері мен театрлардың, оқу-ағарту ұйымдарының ашылуына ықпал етті.

«Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Зымырай шапқан асаудың мойнындағы арқандай шұбатылып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың»

 

Алғашқы қазақ ұлттық театрының ашылуына пәрменді қолдау көрсетіп, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын баспадан басып шығаруға көмектескен. Ұлттық баспасөзді дамытуға, қазақ басылымдарының санын арттыруға және қазақтың эпосы "Қыз жібек" жырын Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағына енгізіп, кейін Мәскеу сахнасында орындалуына ықпал етті. Ұлт мақтанышына айналған атамның қажырлы қайраты мен өнегелі өмірі мен үшін абырой, мақтаныш. Жалпы мен үшін ғана емес, атам барлық қазақ жастарына шынайы ұлтжандылықтың, отансүйгіштіктің, адалдық пен азаматтықтың нағыз үлгісі болатын тұлға. Сондықтан ұлтымды сүю, тілімді құрметтеу, халқыма қызмет ету, тұлға болып қалыптасуым қанмен берілген қасиеттер деп ойлаймын.   


«Бүгінгі істі ертеңге қалдырма»


Үнемі айтып жүретін даналық (афоризм) сөзім «Бүгінгі істі ертеңге қалдырма». Балаларыма қай істі бастасаңдар да жан-жақты мүмкіндіктерін қарап, бітіруге тырысыңдар, тез шешім қабылдап үйреніңдер деп қамшылап отыратынмын.

«Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Зымырай шапқан асаудың мойнындағы арқандай шұбатылып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың» деп Әзілхан Нұршайықов ағамыз айтқандай, адам әрбір күнін, әрбір сағатын мақсатсыз өткізбеуі керек. Өмірдегі әрбір уақытын өз бойындағы қайрат-жігерін, ақыл-ойын өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсап, қалтықсыз еңбек етуге, сөйтіп өзі үшін де өзгелер үшін де игіліктер жасауға жұмсауы керек.