Форма поиска

Балғабек Мырзаев: «Халықты дұрыс бағытқа сала білсек ғана діни қауіптен алшақтай аламыз»

Дата размещения: 24.01.2018
Дата последнего обновления: 24.01.2018

 

Қазіргі уақытта еліміздегі діни тұрақтылық пен конфессияаралық татулықты дамытуда дін саласы мамандарының  еңбегі орасан.  Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген мамандарға  жүктелген міндет оңай емесі анық. Біздің бүгінгі «Білігі мықты мамандар» айдарының кезекті шығарылымы осы дін саласында көптеген жылдар еңбек етіп келе жатқан кәсіби маман, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі  Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлы жайында болмақ.


Шағын мемлекеттің иесімін


Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Қасқа су ауылында дүниеге келдім. Бұл елді-мекен Алатаудың баурайында Ақсу-Жабағылы қорығының етегінде орналасқан. «Ақсу-Жабағылы» қорығы Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі. Мұндағы биік таулар, ну ормандар, толассыз ағып жатқан Ақсу, Қасқа су, Сайрам су өзендері кез-келген адамды тамсандырмай қоймайды. Өзім үшін де туған жерімнің керемет көрінісі әрдайым көз алдымнан кетпейді. Қайда жүрсем де туған жерге деген сағынышым жүрегімде сақталады.

Өкінішке орай, жұмыстың тығыздығына байланысты туған ауылыма  жылына 4-5 күнге ғана барып қайтамын. Бірақ, мүмкіндігінше жиі баруға тырысамын. Біреулер еңбек демалысында шетелге, мұхит асып кетемін деп жатады. Ал, мен оларға туған жеріңнен артық жер жоқ деп айтамын.  

Мені бір шағын мемлекеттің иесімін деп айтуға болады. 5 баланың әкесімін. Аллаға шүкір, аяулы жарыммен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Отбасылық өмірде өзімді жолым болды деп есептеймін. Тәрбиелі, білімді ұл-қыздарымның өсіп келе жатқанын көріп қуанып, сүйсініп отырамын.

 

 

«Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді»

 


Адамды алға жетелейтін сенім


Бала кезімде ең алғашында дәрігер болуды армандап едім.  Себебі тісім жиі ауыратын. Сондықтан болар, адамдарға ем көрсетіп, олардың сауығып кетуіне себепші болғым келді. Өсе келе заңгер болуды армандадым. Өйткені, ол кезде «заңгерлік» мамандық танымал болатын. Адам көп армандайды ғой.  Бірақ, өмір өз қажеттілігіне қарай адамды басқа жолға түсіреді. Мысалы, заңгер, экономист боламын деп жүріп, басқа саладан бірақ шығатындар аз емес. Менің ойымша, мұның бәрі жақсылыққа жетелейді. Барлығы да адамның ынта жігеріне, ұмтылысына байланысты.

Баяғыда бір қария жас жігіттен «Арман» деген не? - деп сұрапты. Жігіт сонда: -Ата, арман деген қиял, - деп жауап береді. - Жоқ, балам, арман дегеніміз ақыл-ойдың шыңы. Құс ұшсам дейді, бала өссем дейді, қыз көpiктi болсам, жігіт бақытты болсам, қарт жүзге жетсем дейді, ақылды дана болсам, ұстаз шәкіртіне үлгі болсам дейді. Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмай кетеді. Ақымақтың арманы болмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді – деген екен қария. Сондықтан адамдарға көп армандаңдар деп айтар едім. Себебі армандап қана қоймай, сол арманына ұмтыла білген адам өмірде ойлаған мақсаттарына жететініне сенімдімін. Адамды алға жетелейтін сенім. Ең бастысы адам өзіне сене білу керек.


Араб, түрік тілдерін үйрену орыс тілін үйренуден оңай болды 


Мен мектепті бітірген соң, алғашында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Алайда кейін, оқып жатқан тобымды орыс тобына ауыстырғандықтан, біраз қиыншылықты көрдім. Жасыратыны жоқ, орысшаға шорқақ едім. Туған жерім  қазақ ауылы болғандықтан, бала кезімізде тек қана қазақ тілінде білім алдық. Бала кезімде ауылдың үлкендерінен араб тілінің әріптерін үйрене бастағам. Кейін Түркияға барғанымда түрік тілін меңгердім. Шынымды айтсам, маған араб, түрік тілдерін үйрену орыс тілін үйренуден оңай болды.

 

 

Анкара университетінің докторантурасына оқуда қалу жөнінде ұсыныс келіп түсті. Бірден келістім... Түркияда түрік, араб тілдерін үйрендім.

 

Жалындаған жастықтың айбыны болар, оқуды тастап, әскерге кетуге тура келді. Екі жыл әскери борышымды абыроймен атқарып келгеннен кейін, сол кезде жаңадан ашылған Түркістан мемлекеттік университетінің «Заң факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Емтихандардан аман-есен өткеніммен жинаған балым орташадан сәл жоғары еді. Конукурс болардан 3 күн бұрын университетке келдім. Қабылдау комиссиясының хатшылығына барып жағдайды сұрап жатқанымда Жұмабай Ізтайұлы деген белгілі шығыстанушы ғалымды кезіктірдім. Ағамызбен таныстық, еркін әңгімелестік. Сол уақытта студенттерді оқуға қабылдап жатқан науқан еді.  Жұмабай ағамыз менің мектепті үздік бітірген аттестатымды қарап, «сен бауырым, темекі тартпайсың ба?, ішімдік ішпейсің бе» - деп сұрады. Мен «жаман әдеттерден аулақпын» - деп жауап бердім. Сонда ғалым маған өзі негізін қалап жатқан   университеттегі «Шығыстану» факультетіне оқуға түсуді ұсынды.  Мен ойланып, келісімімді бердім. Жұмабай Ізтайұлы оқу орнының  хатшысын дереу шақыртып, Мырзаевтың құжаттарын «Заң» факультетінен алып «Шығыстану» факультетіне ауыстыруды сұрады. Онда «Дін және еркін ой» мамандығы бойынша білім алдым.


Анкара мемлекеттік университетінің түлегімін


1995 жылы Түркияның Анкара мемлекеттік университетіне «магистратураға» оқуға түстім. Сол жерде білікті дін саласындағы  мамандармен кездесіп,  діни ахуал жөнінде зерттеу жұмыстарымен айналыса бастадым. Көптеген акамедиктер мен профессорлардан білім алдым. Дін саласының негізін түсіндім. Магистратураны бітірген соң, Анкара университетінің «докторантурасына» оқуда қалу жөнінде ұсыныс түсті. Бірден келістім. Себебі осы саланы жете түсінгім келді. Осылайша Түркияда жүріп, түрік, ағылшын тілдерін үйрендім. Анкара университетінде жат діни ағымдар жайында, атап айтқанда «салафизм», «экстремизм» түсініктерін зерттей бастадым.   

 

 

«Діни білім алған білікті маман ғой деп мені «Дінтану» кафедрасына меңгеруші болуды ұсынды»

 

Алғашқы еңбек жолымды Қожа Ахмет Иасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен бастадым. Онда жұмысқа келуіме университет ректоры Сәбденов Оразалы себепші болды. Бұл оқиға былай басталған еді.  

2001 жылы Түркияда оқып жүргенде Анкара қаласына ректор Сәбденов Оразалы ағамыз халықаралық конференцияға қатысу үшін жұмыс сапарымен келген болатын.

Сол шарада қазақ тілінен түрік тіліне еркін сөйлейтін аудармашы керек болды.  Мұндағы қазақ студенттерінің бәрі түрік тілін жетік меңгерген. Алайда аудармашы болу жағына келгенде, олардың бәрі үндемей қалды. Бәлкім маңызды жиын болғандықтан қателесіп кетеміз бе деп қорыққан болар.

Мен түрік тілін айтарлықтай жоғары дәрежеде білмесем де ректорға аудармашы болуға келістім. Осылайша конференция жұмысы өткен 2 сағат ішінде қазақтың сөздерін түрік аудиториясына барынша мән-мағыналы түрде жеткізуге тырыстым.  Жиналғандарға ұнаса керек,  Сәбденов Оразалы ағамыз баяндамасын оқып болғаннан кейін, барлығы қол шапалақтады.

Жиын соңында ректор мырза маған алғысын білдіріп, оқуымды аяқтаған соң өзінің университетіне жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Анкара университетін бітіріп,  елге оралған соң, ректордың қабылдауына жазылдым. Оразалы ағамыз мені бірден танып, өзінің көмекшісі етіп тағайындады. Осылайша университеттің жұмысымен танысып, білім саласының мәселелерімен таныс бола бастадым. Кейін халықаралық қатынастар бөлімін басқардым. Университет Түркиямен тығыз жұмыс істегендіктен, осы елмен бірқатар  бірлескен жобаларды жүзеге асырдық.  

Бірде университетте бірге қызмет ететін Досай Кенжетай, Сержан Оразбай  ағаларымыз  осы Балғабек Мырзаев Түркияда діни білім алып келген білікті маман ғой деп, «Дінтану» кафедрасына меңгеруші қылып тағайындау жөнінде ректорға ұсыныс жасады.  Осылайша, ректор менің кандидатурамды бірауыздан мақұлдады. Мен кафедра меңгерушісі болып 3 жыл қызмет еттім.


Түркістаннан Астанаға жол


Түркістанда жұмыс істеп жүргенде Астана қаласына үнемі көңілім ауып жүретін. Астана еліміздің жас елордасы болғандықтан ба білмеймін, менің де Астанаға барып жұмыс істегім келіп тұрды.    

 

 

Біздің алдымызда мемлекеттің зайырлылық құндылықтарын дамыту бойынша нақты әрі маңызды тапсырмалар бар.

 

Бір күні газет бетін ақтарып отырып, Астанада Дін істері комитетінің құрылғанын оқыдым. Әріптес достарым да мемлекеттің мүддесіне алған білімді жұмсау керек деп демеу берді. Көлігіме міндім де Астанаға жолға шығып кеттім. Елордаға келген бетте сол кездегі комитеттің төрағасы Ералы Тоғжановтың қабылдауына жазылдым. Кездесуде өзімді таныстырып, еліміздің дін саясатын жүзеге асыруда өз үлесімді қосқым келеді деп айттым. Төраға еш қарсылығым жоқ, маған діни ағымдар туралы материал жазып кел деп тапсырма берді. Сондай-ақ,  мемлекеттік қызметке орналасу тест тапсыру арқылы және де конкурстық негізде жүзеге асатынын атап өтті. Ертеңгісін берілген тапсырма негізінде еліміздегі діни ахуалға шолу жасап, ислам мазхабтарының таралуы туралы  төрт беттік сараптамалық материал дайындап әкелдім. Ералы ағамызға ұнаған болу керек, жазған материалымды оқығаннан кейін өзінің таңданысын жасырмады. Еліміздің дін саласына өзіңдей білікті мамандар керек деп иығымнан қақты. Осылайша, Дін комитетіне жұмысқа қабылдандым.


Дін саласындағы мемлекеттік саясатты реттеуге атсалысудамын


Дін саласы  өте маңызды әрі өткір бағыт болып табылады. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін сырттан елімізге әр түрлі діни ағымдардың өкілдері келіп, жат көзқарастарын қоғамға таратуға ұмтыла бастады. Міне, осы сәттен бастап мемлекет жат ағымдармен күресу  жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ дін саласында әлі зерттеуді қажет ететін  көптеген мәселелер бар.  Қазақ тарихындағы кезеңдерде қандай діндер болды, олардың қоғамға ықпалы қандай болды? Осының бәрін зерттеп жеткізсек, халықты дұрыс бағытқа сала білсек, сонда ғана діни қауіптен, діни алауыздықтан алшақтай аламыз. Бүгінгі күні министрлік тарапынан көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Біздің алдымызда Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың және министр                               Н. Ермекбаевтың алдымызға қойған нақты әрі маңызды тапсырмалары бар. Олардың біріншісі – мемлекеттің зайырлылық құндықтарын дамытуға бағытталған шараларды қабылдау. Бұл ретте, 2017 жылғы 28 маусымда Елбасының жарлығымен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Осы тұжырымдаманың шеңберінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді.

 

 

«Елге қызмет етуге берілген мүмкіндікті барынша абыроймен атқаруға тырысамын»

 

Екінші, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп көптеген маңызды діни бағыттағы жұмыстарды атқарудамыз. Үшіншіден, Қазақтандық Ислам мектебін қалыптастыру бойынша іс-шараларды қолға алдық. Міне осы және басқа да қолға алынып отырған жұмыстардың барлығы  елдегі дін саласының дамуына айтарлықтай өз үлесін қосатын болады.

Осы дін саласындағы мемлекеттік саясатты  жүзеге асыруға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Елге қызмет етуге берілген мүмкіндікті барынша абыроймен атқаруға тырысамын.


Тек жақсылыққа ұмтылуымыз керек


Бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Футбол, теннис ойнаймын. Балаларымды да салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға үндеп отырамын. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, өзімізге уақыт бөлуді ұмытып жатамыз. Сондықтан бос уақытты тиімді өткізу керекпіз. Жан-жақты дамуымыз қажет. Жастарға да айтарым осы. Ең бастысы адам рухани тұрғыда таза болуы керек. Адамның ойы, ішкі жан дүниесі таза болуы керек. Тек жақсылыққа ұмтылуымыз керек.