Іздестіру формасы

«Уақып» қайырымдылық қорына алғашқы қаржылай көмекті Тұңғыш Президент қоры көрсетті

04.10.2017
«Уақып» қайырымдылық қорына алғашқы қаржылай көмекті  Тұңғыш Президент қоры көрсетті

Бүгін, 4 қазан күні Қазақстан Республикасының Дін істері    және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен Қазақстандық «Уақып қоры»» корпоративтік қайырымдылық қоры жанындағы Қамқоршылар кеңесінің екінші отырысы өтті.

Кездесуге Қамқоршылық кеңесінің барлық мүшелері - Парламент Сенатының депутаты, Бас Мүфтий,  Қазақстан дінтанушылары Конгресінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының өкілдері және көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. Кеңес мүшелері қор қаржысына бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.

Кеңес жұмысын бастаған министр Нұрлан Ермекбаев халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, діни ғимараттар мен Қазақстанның шалғай өңірлеріндегі дін қызметкерлеріне қолдау көрсетуге бағытталған жобаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта қайырымдылық қорына алғашқы қаражат келіп түсті.  Бірінші жарнаны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры жасады. Кейбір коммерциялық ұйымдар мен жекелеген тұлғалар Қормен ынтымақтастық орнатуға үлкен ықылас білдіруде және өздерінің алғашқы қаржылай көмектерін  көрсетіп үлгерді» - деді Нұрлан Ермекбаев.

Кеңес отырысы барысында Министр Қор құрылтайшыларының жалпы жиналысының шешімімен тағайындалған Қамқоршылар Кеңесінің жаңа мүшесі және хатшысы Еркін Оңғарбаевты таныстырды.

 Өз кезегінде «Уақып» Қорының Президенті Қайрат Айтбай Қордың қайырымдылық бағдарламасы мен жұмысын таныстырып өтті. Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қарастырылды, оларды қарау нәтижелері бойынша Қордың қайырымдылық бағдарламалары, қайырымдылық көмек көрсету жобаларын іріктеу ережелері, Қордың көмек алушыларының есеп беру тәртібі, Қордың жұмыс жоспары және 2017 жылға арналған бюджеті бекітілді.

 

 Естеріңізге сала кетейік, «Уақып» қоры коммерциялық емес қайырымдылық ұйым болып табылады, оның қызметі дәстүрлі құндылықтар мен руханилықты қолдауға, діни радикализм мен фанатизмнің алдын алуға, әлеуметтік жобаларды, білім беру бағытындағы тәрбиелік іс-шараларды қаржыландыруға, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысының тиімділігін арттыруға және діни институттардың жұмысына қолдау көрсетуге  бағытталған.