Іздестіру формасы

Нұрлан Ермекбаев Орталық Азиядағы USAID халықаралық миссиясының директорымен кездесті

30.11.2017
Нұрлан Ермекбаев Орталық Азиядағы USAID халықаралық миссиясының директорымен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық Азиядағы USAID миссиясының  директоры Кристофер Эдвардспен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ, Қазақстандағы USAID Өкілдігінің директоры Александр Лейн, Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова,  Дін істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Еркін Оңғарбаев қатысты.

Шара барысында Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның USAID ұйымымен серіктестік қарым-қатынасы аясында азаматтық сектордағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін тиімді өзара іс-қимыл жүйесі құрылғанын атап өтті.  

Министр діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының ережелеріне және жоспарланған заңнамалық өзгерістерге тоқталып өтті.  

Ал, өз кезегінде USAID-тың Орталық Азиядағы миссиясының директоры Кристофер Эдвардс екі жақты әріптестіктің маңыздылығын атап өтті және азаматтық қоғамды дамытудағы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмысын оң бағалады.

Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылай отырып, тараптар діни радикализмнің алдын алу, сондай-ақ жастар саясаты салалары бойынша  бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, USAID Агенттігі Қазақстанда 1992 жылдан бастап өз қызметін жүзеге асырып келеді. USAID Қазақстанның мемлекеттік және жеке секторларымен бірлесіп, экономиканы әртараптандыруды күшейту, одан әрі демократиялық реформалар мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды іске асыруға өз үлесін қосуда. USAID ұйымының  қолдауымен  түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық мүдделерді ілгерілетуге бағытталған ҮЕҰ тұрақты желісі құрылғанын атап өткен жөн.