Іздестіру формасы

Нұрлан Ермекбаев: «Қоғамда кез-келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамауды қалыптастыруымыз керек»

30.11.2017
 Нұрлан Ермекбаев: «Қоғамда кез-келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамауды қалыптастыруымыз керек»

Қоғамда кез-келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамауды қалыптастыруымыз керек. Қазақстан дінтанушыларының VII Форумынының ашылуында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осындай мәлімдеме жасады.

Форум жұмысына орталық мемлекеттік органдардың басшылары және өкілдері,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дінтанушы-ғалымдар, елдегі жоғары оқу орындарындағы дінтану кафедраларының тәжірибелі оқытушылары, ғылыми қызметкерлер мен діни бірлестік және ҮЕҰ-дардың  өкілдері қатысты.

Форумның пленарлық отырысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сөз сөйледі. Министр заманауи кезеңдегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталды.

«Қоғамда кез-келген деструктивті діни идеологияны мүлдем қабылдамауды қалыптастыруымыз керек. Бұл жерде бірлік пен жалпы ұжымдық күш-жігер маңызды. Елбасы мен мемлекеттік саясатты қолдау тек қана сөзбен емес, күнделікті мінез-құлықта, іс-әрекетте, тіпті сыртқы бейнесінде көрінетінін әр азамат өз жақындарына, таныстарына түсіндіруі қажет»- деп атап өтті  Н.Ермекбаев.     

«Кейбір адамдар мемлекет ұстанымына қарсы шықпаймыз, Елбасының саясатын қолдаймыз деп айта тұра, бірақ, мәселен: Заң талаптарына қарамастан өздерінің діни бірлестіктерін тіркеуден әдейі бас тартады; Діни уәждерімен екпе егуден, қан құюдан бас тартады; Интернеттен шетелдің радикалды дін уағыздаушыларының дәрістерін жүктеп таратады; Елбасымыздың қазақстан халқына және салт-дәстүрлеріне жат сыртқы көріністерге жол бермеу туралы айтқандарына қарамастан,  басқа елдерге тән қара киім кию, жағымсыз мұртсыз сақал қою, қысқа шалбар киюді жалғастыруда»- деді Нұрлан Ермекбаев.

Форумның пленарлық және секциялық отырыстары шеңберінде Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының  2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мен діни қызмет саласындағы заңнаманы жаңғырту бойынша өзекті мәселелер талқыланып, халықтың діни және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының бағыты анықталды, сонымен қатар дерадикализацияның және діни экстремизмді алдын алудың заманауи тәжірибелері сараланып, жүйелендірілді.

Аталған шара қорытындысында Қазақстан дінтанушыларының VII форумы қатысушылары Мемлекет басшысының мемлекеттілікті одан әрі нығайту, рухани жаңғыру, мемлекеттің зайырлы негіздерін дамыту жөніндегі бастамаларына және дін саласындағы жаңа заң жобасына қолдау білдіріп, ұсынымдар қабылдады.