Іздестіру формасы

Нұрлан Ермекбаев Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломаттарға арналған брифинг өткізді

24.11.2017
Нұрлан Ермекбаев Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломаттарға арналған брифинг өткізді

Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына арналған брифингі болып өтті.

Іс-шараға Қазақстанда тіркелген шетелдік елшіліктердің және халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер, Әділет , Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратураның өкілдері қатысты.

Брифинг барысында Нұрлан Ермекбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет пен діни бірлестіктерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының әзірлену барысы туралы баяндады. Аталған Заң жобасы аясында 3 Кодекске және 9 Заңға 53 түзетулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

«Біз еуропалық нормативтік тәжірибені мұқият зерттедік. Соңғы жылдары Еуропа елдерінде діни радикалдар мен лаңкестердің қауіп-қатерін айтарлықтай азайтқан бірқатар тиімді шаралар қабылданды. Біздің заңнамамызда әлі күнге дейін радикалды діни ағымның нақты анықтамасы жоқ. Сондықтан заң жобасында біз еуропалық тәжірибені ескеріп, заңнамаға осындай нормаларды енгізуді шештік», - деп атап өтті Н. Ермекбаев.

Заң жобасында «Деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу көзделген.

Министрдің айтуынша, радикалды идеяларды қалыптастыратын діни ағымдарға тыйым салу қиын, өйткені олардың нақты ұйымдық құрылымдары жоқ. Осы анықтамаларды енгізу дін саласындағы деструктивті қызметті құқықтық тұрғыда нақты бағалауға мүмкіндік береді.  

Заң жобасында шет елдерде діни білім алу, мемлекеттік қызметшілердің діни қызметке араласуын реттеуге мүмкіндік беретін нормалар бар. Діни ахуалды мониторингілеу үшін жергілікті атқарушы органдардың функциялары айқындалды.  

Бұдан бөлек, заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарында қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ,  олардың идеологиясын таратуға тыйым салуды көздейтін нормалар бар.

 

«Жалпы алғанда, заң жобасының барлық нормалары діни тұрақтылықты нығайтудағы жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл басымдықтар мемлекет үшін де, діни бірлестіктер үшін де бірдей саналады», - деп атап өтті Нұрлан Ермекбаев.

Жекелеген түзетулер діни ғимараттардан тыс «неке қию» рәсімдерін орындауға тыйым салуды, діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз етуді және кәмелетке толмағандардың діни қызметке заңсыз араласуын болдырмауды көздейді. 

Ұсынылған нормалар шетелдік мемлекет өкілдері арасында үлкен қызығушылық тудырды, олар жалпы қабылданған шараларға, оның ішінде заңнамалық деңгейде дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмау сияқты нормаларға түсіністік білдірді.

Кездесу соңында министр Нұрлан Ермекбаев дипломатиялық корпус өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.