Іздестіру формасы

Нұрлан Ермекбаев Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының төрағасымен кездесті

02.11.2017
Нұрлан Ермекбаев Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының төрағасымен кездесті

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының төрағасы Даниэл Рубин бастаған делегацияны қабылдады.

Даниэл Рубин Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясының қызметі мен алдағы жоспары туралы баяндады. Ол этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделіне және зайырлылық қоғамды нығайту шараларына оң пікір білдірді.

Министр Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы айтып, діни радикализмге қарсы халықаралық қауымдастықтың бірлескен әрекетінің маңыздылығын атады.

Кездесуде Қазақстандағы еврейлер қауымдастығы заңды тіркеу негізінде жұмыс жүргізетіндігі және еліміздегі басқа діни бірлестіктермен қатар құқықтар мен бостандықтарға ие екендігі айтылды.

Кездесу қорытындысында тараптар  радикализмге қарсы тұру және конфессияаралық келісімді нығайтуда бірлескен іс-қимылдың қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.

Анықтама: «Еуразия еврей қауымдастығын қолдау ұлттық коалициясы» – 1971 жылы АҚШ-та құрылған жетекші еврейлік коммерциялық емес құқыққорғаушы ұйым саналады. Оған 50 ұлттық ұйым мен 300-ден аса жергілікті еврей кеңестері мен қауымдастығы кіреді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 7 иудейлік діни бірлестік және 6 синагога жұмыс жасайды.