Іздестіру формасы

Қоғамдық кеңестердің I Республикалық мәжілісінің қорытындысы шығарылды

13.11.2017
Қоғамдық кеңестердің I Республикалық мәжілісінің  қорытындысы  шығарылды

Орталық коммуникациялар қызметінде Қоғамдық кеңестердің  І Республикалық Мәжілісі жұмысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

ҚР ДІАҚМ Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова Қоғамдық кеңестердің І Республикалық Мәжілісінің негізгі міндеті - қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша оңтайлы тәжірибелер мен ұсыныстарды ортаға салу,  қоғамдық кеңес жұмысына қатысты оң пікірлермен алмасу екендігін атап өтті.

«Қоғамдық кеңестер бірінші кезекте, тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты ұйымдастыру және дамыту үшін құрылғанды. Екі жыл ішінде қоғамдық кеңестер осы міндетті іске асыруда тиімділігін дәлелдеді»- деді Әлия Ғалымова.

Ал өз кезегінде Дін істері және азаматтық қоғам саласындағы Қоғамдық кеңес мүшесі, «Аймақ» ҚҚ төрайымы Айгүл Соловьева азаматтық қоғам дамуының негізгі бағыттарын атап өтті және Мемлекет Басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруда 100 нақты қадам Ұлт жоспарында көрсетілген маңызды міндеттерге назар аударды. Ол Қоғамдық кеңестердің Мәжілісінде қаралған мәселелер жайлы, сондай-ақ,  шешім қабылдау деңгейіне әсер ету мүмкіндіктері, қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру тетіктері, бұдан бөлек, қоғамдық ұйымдар мен Кеңес мүшелерінің ұсыныстары туралы хабардар етті.

Айта кеткен жөн, қоғамдық кеңестердің І Республикалық Мәжілісі жұмысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясына  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова, Дін істері және азаматтық қоғам саласындағы Қоғамдық кеңес мүшесі, «Аймақ» ҚҚ төрайымы Айгүл Соловьева, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Болашақ» халықаралық қозғалысы мен «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Шығыс Қазақстан Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышев, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина қатысты.

Тұтастай алғанда, брифингке қатысушылар қоғамдық кеңестердің өзара іс-қимылы  халықтың өзекті мәселелерін шұғыл түрде шешуге, сондай-ақ қоғамдық кеңестердің өз жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін  бірауыздан қолдады.