Іздестіру формасы

Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау бойынша сарапшыларды оқытуда

Дата размещения: 15.05.2018 - 13:08
Дата последнего обновления: 16.05.2018 - 11:10
Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау бойынша сарапшыларды оқытуда

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті «АРГО» азаматтық қоғамды дамыту бірлестігімен бірлесіп Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау жүйесін дайындау бойынша оқыту курсын өткізуде.

Бағдарлама қатысушыларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобаларға өздігінен бағалау жүргізуге дайындауға бағытталған. Оның жұмысына мемлекеттің барлық аймақтарынан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Семинарды бағдарламаларды бағалау саласындағы танымал ресейлік сарапшы Алексей Кузьмин («Процесс Консалтинг» компаниясы) және «АРГО» азаматтық қоғамды дамыту бірлестігінің атқарушы директоры Жамиля Асанова жүргізуде.

Алексей Кузьминнің айтуынша бағдарлама шеңберінде мемлекет бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүргізілген жобаларды бағалауға көмектесетін сарапшылар дайындалып жатыр.

«Бұл ерекше жағдай екендігін атап өткім келеді. Мен бағалаумен көп жылдар бойы айналысып келемін және біздің аймақта (ТМД елдері) осындайды ешкім ешқашан ешқандай мемлекетте жасамаған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау жүйесін енгізу бойынша бастама теңдессіз және өте маңызды. Мен үшін осындай жобаға қатысу үлкен мәртебе. Менің ойымша осы жобаның тағы бір ерекшелігі – мемлекеттік құрылым мен үкіметтік емес ұйымның арасындағы ынтымақтастық болып табылады»,- деп атап өтті А.Кузьмин.

«АРГО» азаматтық қоғамды дамыту бірлестігінің атқарушы директоры Жамиля Асанова, өз кезегінде, жобаның «АРГО» азаматтық қоғамды дамыту бірлестігі және Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті арасындағы Меморандум щеңберінде іске асырылып жатқанын баяндады.

«Семинардың нәтижесінде қатысушылар жобалардың сынамалы бағалауын өткізеді. Тәжірибеден кейін, осы жылдың күзінде семинардың екінші кезеңі өтеді. Онда біз жобаларды бағалаудың тәжірибелерін талдап, одан арғы механизмдерді және осы әдісті жетілдірудің тәсілдерін қарастырамыз. 2018 жылдың соңына дейін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалаудың жүйесі ұсынылады деген сенімдеміз»,- деп түсіндірді Жәмиля Асанова.

Семинар 2018 жылғы 18 мамырға дейін жалғасатын болады және семинар аясында қатысушыларға тәжірибеден өту арқылы екі кезеңді оқытуға қатысуға мүмкіндік беріледі. Оқыту соңында әрбір қатысушыға Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалаудан өткізу жөніндегі сарапшы сертификаты берілетін болады.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобаларды және бағдарламаларды бағалау жүйесі үкіметтік емес ұйымдармен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру үшін қажет. Аталған жүйе Қазақстанда «Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасының шеңберінде енгізілуде.

Анықтама: Елімізде 2017 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 2332 жоба іске асырылды.