Іздестіру формасы

Діни қызмет туралы заңнамаға енгізілетін өзгертулер Парламент Сенатында талқыланды

06.12.2017
Діни қызмет туралы заңнамаға  енгізілетін өзгертулер Парламент Сенатында талқыланды

ҚР Парламенті Сенатында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын әзірлеу мәселелерін талқылауға арналған «дөңгелек үстел» өтті.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сенаторларға Министрліктің атқарып отырған қызметінің негізгі бағыттары және діни қызмет туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер жөнінде баяндады.

Министрдің айтуынша, Заң жобасы аясында 12 заң актісіне шамамен   50-ге жуық түзетулер мен толықтырулар енгізілген. Министр барлық түзетулерді үш бөлімге жіктеп көрсетті.

Бірінші бөлім дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмауға бағытталған.  Атап айтқанда,  «деструктивті  діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының заңнамалық тұрғыдағы  анықтамасы енгізілді. Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын  киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ,  олардың идеологиясын таратуға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар бар.

 Екінші бөлімде мемлекеттік органдардың қызметін реттеуге қатысты  нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдардың қызметіне араласуына тыйым салу көзделіп отыр.  Бұдан бөлек,  діни ахуалды талдау үшін жергілікті атқарушы органдардың функциялары кеңейтілетін болады.  

Үшінші бөлімде  діни бірлестіктердің жұмысын жеңіл әрі түсінікті етіп жасауға арналған түзетулер енгізілген. Мұнда мәселен, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдету сияқты шаралар қамтылған.

«Дөңгелек үстел» отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі,  Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент басшысы Атығай Арыстанов, «Нұр Астана»  мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Наурызбай Өтпенов, Қазақстандағы Православие шіркеуінің өкілі архимандрит Сергий (Карамышев), Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко, «Ақниет» ҚҚ директорының орынбасары Ернар Маусумбеков қатысты.

Дөңгелек үстел соңында дін саласындағы заңнаманы және оның құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар айтылды.