Іздестіру формасы

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Президенттің тапсырмасын орындауға кірісті

Дата размещения: 03.05.2018 - 12:46
Дата последнего обновления: 03.05.2018 - 12:51
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Президенттің тапсырмасын орындауға кірісті

Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде министр Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында берген тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды.

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері қатысты.

Ағымдағы жылдың 28-ші сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отан» партиясы және Қазақстан халқы Ассамбелеясымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және жаңа әлеуметтік бастамаларды алға жылжыту бойынша ғылыми-ағартушылық бағыттағы жаңа жобаны әзірлеуді тапсырған болатын.

Кездесу басында Дархан Кәлетаев Президенттің тапсырмаларын орындау үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау үшін интеллектуалды, сараптамалық және ұйымдастырушылық ресурстарды біріктіру қажет. Өңірлермен бірлесіп,сондай-ақ жобаға жастарды және «100 жаңа есім» жобасының қатысушыларын қатыстыру маңызды»- деп атап өтті министр Д.Кәлетаев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Нұр Отан» партиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп біріңғай жалпы құндылықтарды қалыптастыру негізі ретінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетін танытуға бағытталған жаңа жобаны жүзеге асыратын болады.

Кездесу қорытындысында қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету бойынша ғылыми-ағартушылық жобаны іске асыру жоспарын әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат бірқатар іс-шараларды қамтиды. Атап айтқанда, жобалық топты құру, жобаны ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдерімен талқылау, сонымен қатар, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қарастырылған.