Іздестіру формасы

Дархан Кәлетаев пен Жақып Асанов медиация саласындағы ынтымақтастық жөнінде Меморандумға қол қойды

Дата размещения: 09.08.2018 - 12:16
Дата последнего обновления: 09.08.2018 - 12:17
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов

2018 жылғы 9 тамызда ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев және ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов медиация және азаматтық қоғамдағы өзге де татуласу үрдістері саласындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты қоғамдық қатынастардың тұрақтылығын сақтау бойынша бірлескен және келісілген іс-қимылдар жасау, қоғамдағы шиеленістің деңгейін төмендету, құқықтық сауаттылық пен құқықтық сананы арттыру, азаматтардың жасампаз жұмысы үшін мемлекетте медиация мәдениетін дамытуға жағдай жасау болып табылады.

Құжатқа қол қою барысында Дархан Кәлетаев қоғамдағы шиеленісті төмендетудің қолданыстағы тәсілдерінің бірі ретінде Қазақстандағы медиацияны дамытудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, аталған меморандумды бекіту маңызды әрі өзекті шара болып саналады.

«Өздеріңіз білетіндей, Министрліктің жаңа бағыттарының қатарында медиация институтын дамыту бар. Осы бағытта қоғамның өзін-өзі реттеу қабілетін арттыру жөніндегі жобаларды енгізу, шиеленіс пен дауларды тиімді шешуге қоғамдық құрылымдар әлеуетін тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде», - деді қоғамдық даму министрі.

Д.Кәлетаев азаматтық қоғам өкілдерін және медиаторлардың қатысуымен тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, ҚР Қоғамдық даму министрлігі жанында медиация институтын дамыту мәселелері бойынша кеңес құру жоспарлануда.

Меморандум шеңберінде тараптар азаматтық қоғам институттарын тарту арқылы татуласу үрдістері туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ынтымақтастықты дамытуды, тұрғындарға шиеленістер мен дауларды реттеу бойынша қызметтер кешенін көрсету үшін татуласу орталықтарының жұмысын ұйымдастыруды, сондай-ақ медиация сапасын жақсартуға жағдай жасауды қолдайды.

Сонымен бірге меморандум қоғамдық қатынастардың тұрақтылығын сақтау, қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендету, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында дауларды сотқа дейін шешу мәдениетін дамытуға; медиация және өзге де татуласу үрдістерін ілгерілетудің құралдары мен механизмдерін дайындауға бағытталған бірлескен жобаларға мемлекеттік органдардың қатысуын қарастырады.