Іздестіру формасы

Дархан Кәлетаев Қазақстан Азаматтық Альянсының конференциясында бірқатар бастамалар көтерді

Дата размещения: 06.06.2018 - 16:31
Дата последнего обновления: 19.06.2018 - 14:12

6 шілде күні Астанада ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев пен Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Асылбек Кожахметовтің қатысуымен «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің конференциясы өтті. 

Шараға өңірлердегі азаматтық Альянстардың басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференция аясында Азаматтық Альянстың даму перспективалары, атап айтқанда мемлекеттік органдармен іс-қимыл мәселелері, алдағы Қазақстанның VIII Азаматтық форумына дайындық барысы, сондай-ақ, өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін алаңдататын өзекті мәселелер талқыланды.

Дархан Кәлетаев өз сөзінде, Азаматтық Альянс Қазақстандағы азаматтық секторды дамытудың негізгі жылжытушы күші болып қала беретінін атап өтті.

«Бұл құрылым еліміздің барлық өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенді және тәжірибелі көшбасшыларын біріктіре алады, сондай-ақ, қоғам, халықаралық ұйымдармен, бизнес және мемлекеттік органдармен бірлескен және тиімді жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз ете алады, - деді Д. Кәлетаев.

Сонымен қатар, министр үкіметтік емес сектордың тұрақтылық деңгейін көтеру және үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы конструктивті байланысты орнату бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Бұдан бөлек, коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы Заң жобасының негізгі жаңашылдықтарына тоқталып өтті.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесе жүзеге асыру үшін бірқатар нақты бастамаларды ұсынды.

Атап айтқанда, Дархан Кәлетаев Азаматтық Альянсты мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы диалогтық алаңдарды ұйымдастыратын негізгі серіктестердің бірі ретінде көретінін атап айтты. Министр азаматтық қоғамды дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіру және азаматтық секторды дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру жұмыстарында Азаматтық Альянстың әлеуетін барынша пайдалануды ұсынды.

Оның пікірінше, Азаматтық Альянс қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, жаңа білім көздері мен құзыреттерін үйретуге бағытталған әдістемелік ортаға айналуы тиіс.  

Бұдан бөлек, министр Қазақстанның Азаматтық Альянсын мемлекеттік функцияларды бәсекеге қабілетті ортаға беру жұмыстарына, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберіндегі Ағартушылық жобаны әзірлеу процесіне және жаңа әлеуметтік бастамаларды түсіндіруге қатысуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Азаматтық Альянсы Қазақстанның 500-ден аса ҮЕҰ біріктіретін ең ірі республикалық үкіметтік ұйым болып табылады. Ұйымның жүйелік құрылымдары еліміздің 16 аймағында, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларында жұмыс жасайды. Азаматтық Альянстың қызметі азаматтық ұстанымды дамытуға және қоғам, билік пен бизнес арасындағы тұрақты серіктестікті қалыптастыруға бағытталған.