Іздестіру формасы

Астанада сарапшылар Қазақстандағы медиацияның даму перспективаларын талқылады

Дата размещения: 03.08.2018 - 18:55
Дата последнего обновления: 03.08.2018 - 19:01
Медиация

Жыл сайын 5 тамызда атап өтілетін Медиация күнінің қарсаңында         ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің бастамасымен ҚР Жоғарғы Сотымен бірлесе отырып, медиация мәселелері бойынша қоғамдастық пен мемлекеттің өзара іс-қимылын  жақсарту мақсатында «Қазақстандағы медиация: жағдайы мен болашағы» атты диалог алаңы  болып өтті.

Медиация – бұл бейтарап тұлға-медиатордың немесе сот медиациясының қатысуымен шиеленуші тараптарды ерікті келіссөз жолы арқылы татуластыру үрдісі.

Даулы мәселелерді шешу кезінде татуласу үрдістерін кеңінен қолдану Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойылған міндеттердің бірі болып табылады.

Диалог алаңы жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Талқылау барысында медиацияны және өзге татуласу үрдістерін дамыту, Қазақстанда медиацияны қолданудың тәжірибесі, мектептегі делдалық және медиацияны кәсіподақтар ұйымдары және басқаларының жұмысында қолдану мәселелері қозғалды.

Диалог алаңының модераторы ҚР ҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымованың айтуы бойынша, медиацияны әлеуметтік өмір механизмдеріне енгізу азаматтық қоғам институттарының дамуына әсер етеді.

Медиация дауларды шешудің баламалы түрі және ең танымал формасы болып табылады. Дамыған мемлекеттердің статистикасы медиация үрдісінің 83-85% тиімді екендігін көрсетті. Медиация азаматтық қоғамның негізі, демократия мен жаһанданудың жолы деген пікір қалыптасқан. Мысалға, Қазақстанда Медиацияны дамыту орталығының мәліметтері бойынша 2018-ге жуық медиатор 24 147 дауды шешкен.

Дөңгелек үстелдің нәтижесі бойынша қатысушылар медиацияны дамытуға бірқатар ұсыныстар айтты. Жалпылай алғанда, ұсыныстар заңнама базасын жетілдіру, медиация орталықтарын құру, азаматтық қоғам институттарын тартумен ақпараттық-насихаттау жұмысын жүргізуге қатысты.

Сонымен қоса, медиацияны және өзге де татуластыру үрдістерін қолдану арқылы қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендету мақсатында Қоғамдық даму министрлігі мен Жоғарғы Сот арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою жоспарлануда.