Іздестіру формасы

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің отырысы өтті

21.12.2017
Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің отырысы өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың төрағалық етуімен жаңартылған құрамда алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің ХХ отырысы өтті.

Отырысқа Үкімет мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, сарапшылар, еліміздің жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Өзінің кіріспе сөзінде Г.Әбдіхалықова жастар саясаты -  2050 Стратегиясының негізгі мақсатының бірі екенін атап өтті.  Мемлекет басшысы: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деп атап өткен болатын. 

Шара барысында жастарды жұмыспен қамтуға, оның ішінде ауыл жастарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңестің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылды.

Кеңес отырысы аясында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған іс-шаралардың, атап айтқанда «Түлектер тақтасы», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға»  бағдарламаларының жүзеге асырылуы жайында баяндады.

Соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген. 2002 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 13,1% -дан 4% -ға дейін азайған. 

2017 жылдың 3-тоқсанында белсенді жастар саны 2 120,7 мың, оның ішінде жұмыспен қамтылғандары – 2 036,0 мың адам болды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин, Қазақстан жастар Конгресінің атқарушы директоры Айдын Сабитов, «Жастар»  орталығының директоры Талғат Қалиев баяндама жасады.

Кеңес қорытындысында Мемлекеттік хатшы жастар саясатын іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.  

Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі Кеңес еліміздегі мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлеуге бағытталған негізгі сұхбат алаңы болып табылады. Кеңестің жаңартылған құрамына жалпы саны 51 адам мүше. Олардың қатарында орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары, бизнес, білім, мәдениет, спорт және БАҚ өкілдері бар.