Іздестіру формасы

«ASAR» үшжақты ынтымақтастығы шеңберінде 10 жоба жүзеге асырылатын болады

30.10.2017
«ASAR» үшжақты ынтымақтастығы шеңберінде 10 жоба жүзеге асырылатын болады

«ASAR» бірінші республикалық ҮЕҰ-бизнес-мемлекет үшжақты ынтымақтастық форумында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленген «Әлеуметтік бастамалар картасының» таныстырылымы өтті. Өңірлердің ұсыныстары негізінде әлеуметтік бастамалар картасына   87 жоба енгізілген.

Форум жұмысы барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және ҚР Дін істері және азаматтық қоғам  министрі Нұрлан Ермекбаев әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі аясында кәсіпкерлер тарапынан  қолдау тапқан  жобалармен танысты.

Жәрмеңкеде әртүрлі бағыт бойынша барлығы 137 жоба  ұсынылған. Жәрмеңке ҮЕҰ-дың әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын қазақстандық кәсіпкерлерге ұсынуға бірегей мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі форумға қатысқан 10 жоба кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда,  Атырау облысынан- 5, Астана қаласынан- 1, Батыс Қазақстан облысынан-2, Солтүстік Қазақстан облысынан -1 және Жамбыл облысынан- 1 жоба кәсіпкерлердің қолдауына ие болды.

Мәселен, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы ұсынған «Open budget. Қазақстан Республикасының ашық бюджеті» жобасына«Mirusdesk Қазақстан» ЖШС қолдау көрсеткен болатын.  Аталған жобаның шеңберінде «OpenBudget.kz» онлайн-қызметі құрылады, ол бюджет шығындарына талдау және мониторинг жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер тарапынан «Келешек Атырау» ҚҰ-ның   «Венера» эксклюзивті шеберханасын құру жөніндегі жобасы  қолдау  тапты. Аталған шеберхана мүмкіндігі шектеулі  балаларға қолдау көрсету және олардың өмірге деген құлшынысын арттыру мақсатында ашылады. Бұл жобаны «Орда логистик» ЖШС қолдады.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық кәсіпкерлер және кез-келген тұлға asar2017.kz сайты арқылы  барлық жобалармен танысып, оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қоса алады.