Іздестіру формасы

59 үкіметтік емес ұйым сыйлықақы иегері атанды

21.11.2017
59 үкіметтік емес ұйым сыйлықақы иегері атанды

Үкіметтік емес ұйымдарға тағайындалған сыйлықақы  олардың республикалық, өңірлік және салалық деңгейдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлестері үшін берілді. Әрбір сыйлықақының мөлшері 4,5 млн.теңгені құрайды. Аталған конкурсты тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырған болатын. 

Үкіметтік емес ұйымдарға сыйлықақыларды салтанатты түрде табыстау рәсімі Қазақ Ұлттық  «Шабыт» Өнер университетінде  өтті.

Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Абдықалықова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, сондай-ақ ҮЕҰ-мен мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.  

Шара барысында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев  құттықтау сөз сөйледі.

«Біз үміткерлерді іріктеу үрдісін барынша ашық өткізуге тырыстық.  Әр саланың  жалпы саны 66  танымал әрі  кәсіби  мамандар мен сарапшылар тартылды. Осылайша олар, бүгінгі сыйлықақының жеңімпаздарын анықтады... Барлық қазақстандық ҮЕҰ-ға конструктивті және Елбасы бастамаларын  қолдай отырып  жұмыс істеуге шақырамын»  - деді Нұрлан Ермекбаев.

Арнайы құрылған сарапшылар тобы сыйлықақы алуға өтініш білдірушілерден келіп түскен жалпы саны  216 өтінімді  қараған. Айта кетерлігі, конкурстық комиссияның құрамында мемлекеттік органдар мен халықаралық  ұйымдардың өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшылар болды.  

 Байқау қорытындысына сәйкес, 15 номинация бойынша   59 үкіметтік емес ұйым сыйлықақы иегері атанды. Атап айтқанда «Қазақстан КВН одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігі, «Ардагер» қоғамдық бірлестігі, «Женский луч» қоғамдық бірлестігі, «Право» қоғамдық қоры, «ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы», «Enactus Kazakhstan» ұйымы сияқты белді Үкіметтік емес ұйымдар бар.

 Өтінімдердің басым көпшілігі халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау, жастар мен балалардың бастамаларын қолдау, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту сияқты бағыттар бойынша келіп түскен.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері байқауды өткізу Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылатынын және осылайша мемлекет ҮЕҰ-ға нақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Біз 15 жыл уақыт бойы  денсаулық сақтау, отбасын құру, мүмкіндігі шектеулі жандардың  денсаулығын нығайту жолында жұмыс істеп келеміз. Бүгін еңбегіміз мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр. Бұл біз үшін ең маңызды сыйлық. Байқауды ұйымдастырушыларға біздің жобамызға назар аударғаны үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, себебі әлеуметтік кепілдіктер және мүгедектер үшін кедергісіз орта құру, мүмкіндігі шектеулі әйелдерге барынша қолдау көрсету - біздің мемлекетіміздің басты  басымдықтарының бірі болып табылады», - деп атап өтті  «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі  әйелдер Ассоциациясы төрағасының орынбасары Захира Бегалиева.

«Шырақ» ұйымы «Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, өзінің пікірімен «ЗУБР» әлеуметтік корпоративтік қорының директоры Виталий Кулик бөлісті.

«Бүгінгі сыйлықақылардың кәсіби мамандарға,  адамдарға қол ұшын созуға асығатын ұйымдарға беріліп  отырғаны бізді қуантады. Марапат біз үшін тек қана бедел емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Енді үкіметтік емес ұйымдарға жұмысты одан әрі жетілдіре түсу керек, Қазақстандықтар бастамашылық танытуы керек, мемлекеттік органдар ҮЕҰ әлеуетін көріп, пайдалануы керек», - деп атап өтті В. Кулик.

Виталий Куликтің жетекшілік етіп отырған қоры  «Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту» номинациясында жеңімпаз атанды.