Іздестіру формасы

Волонтерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру қағидалары

Дата размещения: 28.08.2017 - 1:29
Дата последнего обновления: 28.08.2017 - 1:29

Волонтерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру қағидалары
                                                                                                   Қазақстан Республикасының
                                                                                                        Дін істері және азаматтық          
                                                                                     қоғам Министрінің
                                                                                    2017 жылғы «24» наурыздағы
                                                                                      №42-1 бұйрығымен
                                                                                    бекітілді
    Волонтерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру қағидалары
 
1-тарау. Жалпы ережелер
 
1. Осы волонтерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Волонтерлік қызмет туралы» Заңының  (бұдан әрі – Заң)                  9 - бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және волонтерлік қызметтің мониторингін жүзеге асыру тәртібін анықтайды.
2. Волонтерлік қызмет мониторингінің мақсаты – ақпаратты жинақтау негізінде волонтерлік қызметке талдау жүргізу, жалпы үрдістерді анықтау және волонтерлік қызметті дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) волонтерлік қызмет – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделерінде өтеусіз негізде жүзеге асырылатын, әлеуметтік бағыттағы ерікті, ерік қалауымен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет;
2) волонтерлік қызметтің мониторингі (бұдан әрі – мониторинг) – волонтерлік қызмет туралы ақпаратты жинақтау және талдау үрдісі.
3) волонтерлік қызмет субъектілері – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес волонтерлік қызметті жүзеге асыратын (волонтерлер, волонтерлер тобы, волонтерлік ұйымдар, волонтерлік қызметті үйлестірушілер) жеке және заңды тұлғалар.
 
 
2-тарау. Волонтерлік қызметке мониторинг жүргізу тәртібі
 
4. Осы Қағидаларды іске асыру мақсатында Заңның 10 - бабына сәйкес мониторинг жергілікті атқарушы органдарымен волонтерлік қызмет мониторингі мәселелері бойынша жүзеге асырылады.
5. Мониторинг бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдардың интернет-ресурстарында орналастырылған волонтерлік қызмет субъектілері және тәжірибесі, волонтерлік бағдарламалар (жобалар) және акциялар туралы ақпарат, бақылаулар және әлеуметтік зерттеулер, волонтерлік ұйымдар, волонтерлік қызмет субъектілерінің деректері негізінде жүргізіледі.
 
6. Мониторинг келесі кезеңдерден тұрады:
1) волонтерлік қызмет субъектілері туралы (түрі, есепті кезеңдегі субъектілер саны);
волонтерлік қызмет түрлері туралы;
волонтерлік бағдарламалар (жобалар) және волонтерлік акциялардың (соның ішінде мемлекеттік органдармен серіктестіктегі) іске асырылуы туралы;
волонтерлік қызмет субъектілерімен іске асырылатын волонтерлік қызметтің оң тәжірибесі туралы ақпарат жинақтау;  
2) мониторинг қорытындылары бойынша ақпаратты өңдеу және талдау;
3) жүргізілген талдау негізінде есептік ақпарат әзірлеу Есептік ақпарат келесі құрам бойынша әзірленеді:
волонтерлік қызметтің қазіргі жағдайын баяндау;
оң тәжірибені сипаттау;
туындаған мәселелерді баяндау;
волонтерлік қызметті ұйымдастыруға бағытталған азаматтық бастамаларды дамыту және қолдау бойынша ұсыныстар беру;
волонтерлік қызметтің ролін арттыруға бағытталған шаралар әзірлеу және қабылдау бойынша қсыныстар беру;
мәселерді шешу бойынша ұсыныстар беру.
7. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары  облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша ақпаратты әр тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5 күніне ұсынады.
8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша ақпаратты волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) әр тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 10 күніне ұсынады.
9. Уәкілетті орган Заңның 9 - бабының 2) тармақшасына сәйкес осы Қағидалардың 5 - тармағында көрсетілген волонтерлік қызмет туралы ақпаратты жинақтайды және қорытындылайды.
10. Өңделген ақпарат нәтижесінде уәкілетті органмен жалпы үрдістерді, оң тәжірибені, проблемалық мәселелерді көрсете отырып ақпаратқа талдау жүргізіледі және волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруды қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірленеді.
11. Волонтерлік қызмет саласында уәкілетті орган мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасындағы волонтерлік қызмет туралы қорытынды ақпаратты дайындайды және Қазақстан Республикасы Үкіметіне жарты жылда 1 рет есепті кезеңнен кейінгі айдың 25 күніне енгізеді.