Іздестіру формасы

Бауыржан Шериязданов: 37 жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек етудемін

Дата размещения: 07.08.2018 - 12:59
Дата последнего обновления: 07.08.2018 - 12:59

«Бұл өмірде әрдайым маңыздылығын жоғалтпайтын жалғыз әрі шынайы құндылық - адамның адал еңбегі». Белгілі француз ойшылы Анатоль Франс айтқандай, шыныменде адам өзінің адал еңбегімен қоғамды, тұтастай алғанда мемлекетті дамытуға өз үлесін қосады. Осындай азаматтар біздің арамызда жүр. «Білігі мықты мамандар» айдарында 37 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқан білікті маман, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетінің қызметкері – Бауыржан Рақымғалиұлы Шериязданов туралы баяндалады.


Жастық шағымның ең қызықты сәттері ауылда


Мен Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Есіл ауданы, Жекекөл ауылында тудым. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Солтүстік Қазақстан облысында білім, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек атқарды. Сондай-ақ, колхоз төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты қызметтерде болған. Ал, анам отбасына, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген жан. Отбасымызда алты бала өстік. Мен өзімді әлемдегі ең бақытты жанмын деп айта аламын, себебі әке мен ананың аяулы махаббатын, ыстық ықыласын көріп өстім.

Мен 4-ші сыныпқа дейін ауылдағы бастауыш мектепте оқып, 5-ші сыныптан бастап Петропавл қаласындағы жалғыз қазақ мектеп-интернатында білім алдым.

Жекекөл ауылы табиғаты керемет, орман арасындағы көлдің жиегінде орналасқан. Табиғаты өте тамаша, таза ауа, жаз бойы жеміс-жидек теретінбіз. Бала кезімізде ауыл маңындағы көлден шықпай, еңбектеніп өстік. Балалармен көлде балық, сүлік аулап оны тұрғындарға сататынбыз. Жастық шағымның ең қызық сәттерін туған ауылымда  өткіздім... Сол бір тамаша эмоциялар әлі күнге дейін жүрегімде сақтаулы.  


Ел бірлігінің арқасында экономикалық ауыртпалықты еңсердік


1972 жылы Петропавл қаласындағы мектеп-интернатты бітіріп, Петропавл мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. Институтта қазақ бөлімі деген жоқ, бәрі орыс тілінде болатын.  Бірінші курста қиындау болғанымен, сосын үйреніп кеттім.

 

«Аудандық мәслихатта қызмет етіп жүрген кезімде Ленин ауданының атын қазақша Есіл ауданы деп өзгету туралы бастама жасадым»

 

1977 жоғары білім ордасын тәмамдап,  облыстық білім басқармасының жолдамасымен өз ауданымыздағы Калиновка сегізжылдық мектебіне мұғалім ретінде қабылдандым.  

Бауыржан Шериязданов

1982 жылға дейін білім саласында қызмет атқарып, одан кейін мемлекеттік қызметке ауыстым. Бірқатар жылдар аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде инструктор, одан кейін бөлім басшысы болып қызмет атқардым. Уақыт өте келе еңбегім бағаланып, Кәсіп одақ комитетінің төрағасы, партия Комитетінің хатшысы, аудандық Кеңестің аппарат басшысы, 4 рет аудандық Кеңестің депутаты болып сайландым.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы аудандық маслихатқа депутат болып сайландым, одан кейін 2011 жылға дейін аудандық маслихаттың хатшысы қызметін атқардым. 2012-2013 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасының басшылығында болдым.  

Өңірлерде жұмыс жасаудың өзіндік қызығы да қиындығы да бар. Өйткені, мемлекеттік саясатты БАҚ арқылы емес, тікелей тұрғындардың арасында жүріп түсіндіреміз. Ауыл-аймақ, елді мекендегі азаматтарға қолдау білдіріп, түйіткілді мәселелерін шешуге тікелей атсалысамыз.

Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қиын кезеңдер, еліміздің дамуы барлығы менің көз алдымда. 90-шы жылдардың басында аудандық бюджетке тек 40 пайыз ғана қаржы бөлінетін. Мәслихат депутаттарымен бірге осынау аз ғана қаржыны әрбір салаға бөліп, халық игіліне жеткізудің жолын іздейтінбіз.  Халыққа еңбек ақы, зейнетақы төленбей, электроэнергия толық берілмей және басқада проблемалар көп болатын. Өңірімізде қаншалықты қиындықтар болса да, аудан басшылығымен бірге жұртшылыққа дұрыс бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты шыдамдылыққа, бірлікке шақырдық. Осылайша, татулық пен бірліктің, тынымсыз еңбектің арқасында экономикалық ауыртпалықтарды еңсере білдік.


Есіл ауданының атауын өзгертуге атсалыстым


Бауыржан Шериязданов

Аудандық мәслихатта қызмет етіп жүрген кезімде Ленин ауданының атын қазақша Есіл ауданы деп өзгету туралы бастама жасадым. Депутаттар мені қолдап,   Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданының атауын Есіл ауданы деп өзерту туралы облыстық мәслихатқа ұсыныс жасады. Бірақ сол кездегі облыс әкімінің бастамасымен облыстық мәслихат ауданның атын  «Приишим» деп атау жөнінде шешім шығарып қояды. Алайда Астанадағы республикалық ономастикалық комиссия арнайы аудандық мәслихаттың шешімін талап етіп, аудан атауын «Есіл» деп өзгерту туралы Президент Әкімшілігіне хат жолдайды. Осылайша көтерген бастамамыз оң нәтиже беріп, Мемлекет басшысының Жарлығымен ауданымыздың атауы «Есіл ауданы» деп өзгертілді. Мұны мен өмірімдегі маңызды жетістігім деп айта аламын.


Діннің оң бағыты түсіндірілуі қажет


2013 жылы сол кездегі Дін істері агенттігіне жұмысқа қабылдандым. Бұл саланың қоғамдағы маңызы өте зор. Бұл үлкен идеологиялық бағыт. Біз зайырлы мемлекетте тұрып жатырмыз. Сондықтан, жастарға діннің оң бағытын түсіндіруіміз қажет.

 

«Адамдарға жасаған жақсылығың еш уақытта ескерусіз қалмайды»

 

Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетінде өңірлермен жұмысты үйлестіру басқармасында қызмет етемін. Өңірлердегі діни ахуалға үнемі талдау және бақылау жасап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жұмыс істейміз. Халықтың діни сауаттылығын аттыру бағытында өңірлер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың маңызы зор. Себебі әр өңірде діни ахуал әр түрлі.  Жұмыс бабымен Қазақстанның барлық өңірін аралап шықтым. Бұл тұрғыда облыстық дін басқармаларымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондай-ақ, дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесімін. Топ мүшелерімен бірге әрдайым жұртшылықпен, жастармен кездесіп, діннің дұрыс бағытын түсіндіру жолында жұмыс істейміз.

Бауыржан Шериязданов

Әр жұмыстың өз ерекшеліктері болады. Бірақ барлық салаға ортақ бір қағида бар. Ол жұмысты ынта-жігермен жасап, еріншектікке, салғырттыққа жол бермеу. Кез-келген жұмыста мен үшін маңызды принцип адалдық, өз еліңнің патриоты болу, халықты, әсіресе қарапайым азаматтарды жақсы көру. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, адамдарға жасаған жақсылығың еш уақытта ескерусіз қалмайды. Мысалы, өңірде қызмет еткенімде жергілікті атқарушы органдарға жеке мәселелері бойынша қарапайым халық көп келетін. Әсіресе, Петропавл Ресеймен шекаралас өңір болғандықтан аймағымызда орыс, татар, башқұрт және т.б  ұлттардың өкілдері көп келетін. Олардың мәселелерін шешуге қолымнан келгенімше көмектесуге тырысатынмын. Араға уақыт салып, көп жылдар өтседе сол азаматтар істеген жақсылығымды еш уақытта ұмытпапты.  Кейде олар көшеде кездесіп қалса немесе телефон арқылы хабарласып өз алғыстарын айтып жатады. 

 

«Мен де жастарымыздың елімізді алға жетелеп, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін» 


Немере сүю үлкен бақыт


Отбасында жұмсақ адаммын. Жұбайым талай жылдар бойы білім саласында лауазымды қызметтерде болды.  Қазір зейнетте. Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым Солтүстік Қазақстан облысында қауіпсіздік саласында жауапты қызмет атқарады, қызым Астанада құрылыс компанияларының бірінде басшылық қызметте. Қазір 4 немеренің атасымын. Биыл немеремнің үлкені мектепке барады.  Алла әрдайым осылардың қызығын көруге жаздырсын...


Біздің жастар алмайтын қамал жоқ


Жастарға ең бірінші адал, еңбекқор болуға, қарапайым халықтың мүддесін қорғауға тырысып, Отанды сүюге кеңес беремін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін жастарымыз жаңа технологияларды, шет тілдерді, заманауи компаниялардың жұмыс жүйесін,  IT саласын жетік меңгерулері керек деп әрдайым айтып жүреді. Сондықтан  еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз  барынша  білімді болуы керек. Бұл заман талабы. Жастарға сенімжауапкершілік арта отырып, оларға сене білу қажет. Бүгінгі жастар алмайтын қамал жоқ. Мен де жастарымыздың елімізді алға жетелеп, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін.